Астанада адам папилломасы вирусына қарсы иммундау жалғасып жатыр
Астанада адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 11-13 жастағы қыз балаларды жоспарлы иммундау жүргізілсе, биылдан бастап 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді қамтитын қосымша вакцинация науқаны басталды. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева және акушер-гинеколог дәрігер, профессор, Астана қаласы әкімдігінің «№13 қалалық емхана» ШЖҚ МКК директоры Жанерке Ажетова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мамандардың айтуынша, АПВ-ға қарсы екпе жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі саналады және оның қауіпсіздігі халықаралық ғылыми зерттеулермен дәлелденген.
Астанадағы вакцинация нәтижелері
Астанада 2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 11-13 жастағы қыз балаларды АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен жоспарлы вакцинациялау жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 17 567 қыз бала АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасын, 10 652 қыз бала екінші дозасын алған. Сонымен қатар 2026 жылғы 18 мамырдан бастап 14-18 жас аралығындағы қыз балаларға арналған қосымша жоспарлы вакцинация науқаны басталған. Қазіргі уақытта 708 қыз бала бірінші дозамен, 52 қыз бала екінші дозамен егілген.
Жатыр мойны обыры – өзекті мәселе
АПВ жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылады. Қазақстанда бұл ауру әйелдер арасындағы онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында екінші орында тұр.
Елімізде жыл сайын шамамен 1 800 жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы аурудан қайтыс болады. Астана қаласында 2023 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен 834 әйел диспансерлік есепте тұрған. Жыл сайын елордада 120-дан астам жаңа жағдай анықталады.
Вакцина қауіпсіз және тиімді
Брифингте «Гардасил» вакцинасының құрамында тірі вирус жоқ екені ерекше атап өтілді. Сондықтан вакцина ауру жұқтыруға себеп болмайды.
Вакцина адам папилломасы вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Оның ішінде 16 және 18 жоғары онкогендік типтері жатыр мойны обыры жағдайларының басым көпшілігіне себеп болады.
Мамандар екпеден кейін инъекция салынған жерде қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін екенін, бұл қалыпты иммундық жауап екенін түсіндірді.
Бедеулікке әкелмейді
Спикерлер әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпаратқа да тоқталды.
Қазақстандық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ресми деректеріне сәйкес, 2013-2015 жылдары жүргізілген пилоттық вакцинация бағдарламасына қатысқан 131 әйелдің кейінгі 10 жыл ішінде бір немесе екі дені сау бала дүниеге әкелгені тіркелген. Осыған байланысты мамандар АПВ-ға қарсы вакцина бедеулікке әкелмейтінін, керісінше әйелдердің репродуктивтік денсаулығын онкологиялық аурулардан қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Халықаралық тәжірибе
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинацияны жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді әдісі ретінде ұсынады.
Қазіргі уақытта вакцина әлемнің 135-тен астам елінің ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген. АҚШ, Аустралия және бірқатар басқа мемлекеттерде вакцинация қыз балалармен қатар ұл балаларға да жүргізіледі.
Қазақстанда вакцинация 11 жастағы қыз балаларға екі дозалық схема бойынша тегін жүргізіледі және бұл халықаралық ұсынымдарға толық сәйкес келеді.
«Гардасил 9» вакцинасын енгізу жоспарлануда
Брифинг барысында Қазақстанда тоғыз валентті «Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Бұл вакцина АПВ-ның 9 типінен қорғайды және қорғаныс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды енгізу мәселесі де қарастырылуда.
Спикерлер ата-аналарды қыз балаларды уақтылы вакцинациялауға шақырды. Олардың айтуынша, вакцинация вируспен алғаш кездескенге дейін ағзада иммунитет қалыптастырып, жатыр мойны обырының даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Толық ақпарат алу және тегін вакцина салдыру үшін азаматтар өздері тіркелген емханаға немесе мектептің медициналық пунктіне жүгіне алады.