Астанада 648 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырған

Астанада 648 адам жіті ішек инфекциясын жұқтырған
Фото: magnific.com

Елордада жіті ішек инфекциясының таралуы әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері қалада жіті ішек инфекциясының 648 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш төмендегенімен, санитариялық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

«Астанада 2026 жылдың басынан бері жіті ішек инфекциясының 648 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға төмендегенімен, мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Аурудың негізгі себептері – тағамды дайындау, сақтау және сату кезінде санитариялық талаптардың сақталмауы», – деді  ол.

Брифинг барысында қоғамдық тамақтану орындарындағы тағам қауіпсіздігі мәселесі де сөз болды. Маманның айтуынша, өткен жылы бірқатар топтық тағамнан улану деректері тіркелген.

«Өткен жылы елордада қоғамдық тамақтану орындарда 3 топтық тағамнан уланудың жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, дүкендер арқылы сатылған үй жағдайында дайындалған аспаздық өнімнен бір оқиға орын алды. Нәтижесінде 60 адам зардап шекті, оның ішінде 20 бала бар. Дегенмен, департаменттің мәліметінше, 2026 жылдың өткен кезеңінде мұндай жағдайлар тіркелген жоқ», – деді  Айгүл Шағалтаева.

Мамандар тұрғындарды тағам өнімдерін сатып алу кезінде олардың сақтау мерзіміне, дайындалу және сақталу жағдайына ерекше назар аударуға шақырады. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нысандарының санитариялық талаптарды қатаң сақтауы тұрғындар денсаулығын қорғаудың басты кепілі болып қала бермек.