Астанада төмен пайызбен баспана алуға өтінім қабылдау басталды

Астанада төмен пайызбен баспана алуға өтінім қабылдау басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада 7 қазан күні тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында несиеге берілетін тұрғын үй бойынша өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына сілтеме жасап.

Тұрғын үй А 91 көшесіндегі 36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлерінде орналасқан. Нысандардың кодтары – 10336, 10338, 10339 және 10340.

Өтінімдер 7-19 қазан аралығында Baspana Market сайтындағы жеке кабинет арқылы қабылданады. Кандидаттарды іріктеу 21 қазанға жоспарланған.

Жалпы 562 пәтер ұсынылады. Оның ішінде:

• 1 бөлмелі – 166 пәтер;

• 2 бөлмелі – 276 пәтер;

• 3 бөлмелі – 80 пәтер;

• 4 бөлмелі – 40 пәтер.

Тұрғын үйлер 5 қабатты, лифт қарастырылмаған. Пәтерлер таза әрленген күйде беріледі.

Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны – 332 916 теңге.

Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 5,2%-дан 5,8%-ға дейін. Бастапқы жарна мөлшері – 10%-дан бастап.