Референдум-2026

Астанада 2,2 трлн теңгенің 211 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр

Астанада 2,2 трлн теңгенің 211 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада Жалпыұлттық инвестициялық пул аясында жалпы құны шамамен 2,2 трлн теңгені құрайтын 211 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Elordainfo.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.

Басқарманың мәліметінше, аталған жобалар толық іске қосылғаннан кейін шамамен 28 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Инвестициялық жобалардың басым бөлігі логистика және қойма инфрақұрылымына бағытталған. Бұл саланың үлесі – 28,4 пайыз. Өнеркәсіп бағытындағы жобалар 25 пайызды, білім беру саласы 20 пайызды құрайды.

Сонымен қатар спорт және туризм саласына тиесілі жобалардың үлесі 15,6 пайыз, медицина саласы 8 пайыз болса, қалған 3 пайызы өзге бағыттарды қамтиды.

Басқарма мамандарының айтуынша, мұндай құрылым елорда экономикасының бір ғана құрылыс саласына тәуелді емес екенін көрсетеді. Соңғы жылдары инвестициялар өндіріс, көлік-логистика, әлеуметтік инфрақұрылым және қызмет көрсету секторларына көбірек бағытталып келеді.

Бұған дейін биылғы бес айда Астанаға 833,5 млрд теңге инвестиция тартылғанын жазғанбыз.