Биыл прокуратура органдары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Астанада алаяқтардың қоңырауларын тоқтатуға және қылмыстар жасалғанға дейін олардың алдын алуға бағытталған Анти Call-орталығы бірегей жобасын іске қосты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жұмыс басталған сәттен бастап, үш айдан сәл астам уақыт ішінде ықтимал құрбандарға 70 мыңнан астам шетелдік қоңыраулар тоқтатылды. Орталық білікті операторлармен жасақталған және прокурорлардың тәулік бойы үйлестіруімен жұмыс істеуде.
Нәтижесінде Астанада осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 22%-ға тұрақты төмендеуі байқалуда. Басқаша айтқанда, мыңдаған азаматтар қаржылық шығындар мен алдаудан қорғалған.
«Орталық барлық қазақстандықтарға қатысты қылмыстық алаяқтық әрекет жүргізетін шетелдік колл-орталықтары мен цифрлық құрылғылардың орналасқан жерін анықтауға көмектесуде. Ресейдің, Украинаның және Арменияның құқық қорғау органдарымен бірлесіп телефондық алаяқтықпен айналысқан он қылмыстық кеңсе әшкереленіп, олардың қызметі тоқтатылды.
Олар 63 қаскүнемді ұстады, бейнені және дауысты ауыстыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету (дипфейк технологиясы) және Қазақстан азаматтарының дербес деректер базасы бар жүздеген арнайы техника тәркіленді.
Бұл қылмыстардың шегі жоқ, сондықтан оларға қарсы күресте халықаралық өзара іс-қимыл аталған бағытта негізгі құралға айналуда», - деп жазды Бас прокурор Берік Асылов.
Мәселен, Беларусь Республикасының құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, олармен бірлескен жедел-тергеу тобы құрылды және қазіргі уақытта Беларусьте басқа елдердің, оның ішінде Қазақстанның азаматтарына қатысты қарсы жұмыс істеген 55 адам жауапқа тартылуда. Олардың азаматтарымызға келтірген залал 67 миллион теңгеден астам соманы құрады.
Бас прокурордың айтуынша, бұл жоба ел бойынша ауқымы кеңейтілді, осыған ұқсас Анти Call-орталықтары «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп басқа да облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда құрылуда.
Айта кетейік, киберқылмысқа қарсы күрес жұмысы жүйелі инновацияларды енгізу арқылы жалғасатын болады.