Астана қаласы соттарының 2025 жылғы жұмыс қорытындылары жарияланды

8 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астана қаласы соттарының 2025 жылғы жұмыс қорытындылары жарияланды
фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті 2025 жылы атқарылған жұмыс қорытындыларын жариялады. Былтыр елорданың сот жүйесі сот істерін қарау, сот актілерін орындау, ақпараттық ашықтықты кеңейту, кадр саясаты мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағыттарының барлығы бойынша тұрақты оң нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жыл қорытындысы сот төрелігінің сапасын арттыруға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі әрі мақсатты жұмыстың тиімділігін көрсетті.

Сот статистикасы: өтініштер санының артуы және жоғары тиімділік

2025 жылы елорданың азаматтық соттарына 62 726 талап арыз бен іс келіп түсті. Олардың жартысынан астамы (32 931 іс (52,5%) шешім шығарумен аяқталды. Даулардың елеулі бөлігі, яғни 11 803 іс немесе 18,8 пайызы татуласу тәртібімен реттелді. Бұл дауларды шешудің баламалы тетіктерінің дамып келе жатқанын көрсетеді.

Жеңілдетілген тәртіппен 27 907 іс қаралды, бұл түскен материалдардың жалпы санының 44,5 пайызын құрайды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында әкімшілік соттарға 5 317 талап арыз келіп түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 873 іске артық. Жүктеменің өсуіне қарамастан, соттар істерді уақтылы қарап, 1 553 іс бойынша шешім шығарды.

Қылмыстық соттарға 3 596 адамға қатысты 3 133 қылмыстық іс түсті. Оның ішінде 2 592 іс бойынша үкім шығарылып, 266 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 49 540 материал қаралды, бұл түскен істердің 99,3 пайызын құрап, тиімділіктің ең жоғары көрсеткіштерінің бірін көрсетті.

Мерзімдерді бақылау және құқық бұзушылықтардың азаюы

2025 жылы процестік мерзімдердің сақталуын күнделікті бақылауды қамтамасыз ететін Ситуациялық орталықтың жұмысына басымдық берілді. Жыл қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар саны 3,9 пайызға азайып, 178 жағдайдан 171 жағдайға төмендеді.

Көбінесе істерді қарау мерзімдерінің бұзылуы, сот актілерін уақтылы енгізбеу, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбамен бекіту, сондай-ақ сот отырыстарының кеш басталуы тіркелді. Барлық анықталған фактілер судьялар мен сот қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін жедел кеңестерде жүйелі түрде талданып, тиісті басқарушылық және тәртіптік шаралар қабылданды.

Еске салайық, бұдан бұрын сот балалар үйі түлегінің тұрғын үй кезегіне тұру құқығын қалпына келтіргені туралы жаздық.