Сот балалар үйі түлегінің тұрғын үй кезегіне тұру құқығын қалпына келтірді

5 қаңтар, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Сот балалар үйі түлегінің тұрғын үй кезегіне тұру құқығын қалпына келтірді
Фото: freepik.com

Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Н.-ның «Отбасы банк» АҚ-ға тұрғын үй кезегіне қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сот Н.-ның 13 жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалғанын және 2006 жылы балалар үйіне орналастырылғанын анықтады.

2009 жылғы 17 шілдеде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына өзгеріс енгізіліп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жетім балаларға теңестірілген.

Балалар үйінде болған кезеңінде Н. тұрғын үй кезегіне қойылмаған. Балалар үйінен шыққаннан кейін Н. 2020 жылы өз бетінше кезекке тұрған. Қазіргі уақытта Н.-ның өз отбасы бар, үш кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отыр және соттан 2009 жылдан бастап тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді сұраған.

«Отбасы банк» АҚ 2025 жылғы 24 мамырдан бастап осы бағдарламалардың операторы болып, құқықтық мирасқор ретінде ақпараттық жүйелерде мәліметтердің расталмауына байланысты Н.-ны кезекке қоюдан бас тартты. Көкшетау қаласының ТКШ бөлімі берген жауапқа сәйкес, 2007-2009 жылдары ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар архивтік деректерге сәйкес, кезекке қойылған. Алайда Н. бойынша мәліметтер жоқ. Балалар үйі 2019 жылы таратылған.

Кәмелетке толмаған Н. балалар үйінде болған кезде кезекке қойылмағанымен, 2009 жылғы 17 шілдеден бастап тұрғын үй кезегіне қойылуға тиіс болған. Алайда, балалар үйінде болған кезеңде ата-ана қамқорлығынсыз қалған Н.-ның құқығы мен заңды мүддесі бұзылған», - делінген хабарламада.

Сот шешімімен Н.-ның тұрғын үй кезегіне қалпына келтіру туралы әкімшілік талап қоюы қанағаттандырылды. Сот «Отбасы банк» АҚ-ны Н.-ны 2009 жылғы 17 шілдеден бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне қалпына келтіруге міндеттеді.

Сот талапкердің кезекке қою бөлігінде шешімді дереу орындау туралы өтінішін қанағаттандырды, өйткені Н. 16 жыл бойы бұзылған құқығы туралы ақпаратқа ие болмаған.

Бұған дейін Павлодарда түзеу мекемесінің бастығы сотталғанын жаздық.