Астана полицейлері TikTok арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады
Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет-алаяқтықтың бірнеше эпизодын жасады деген күдікпен 19 жастағы жас жігітті анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Анықталғандай, күдікті TikTok әлеуметтік желісінде киім сататыны туралы хабарландырулар жариялаған. Сатып алушылар онымен байланысқа шыққаннан кейін, ол тауар үшін алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпай қойған және өз міндеттемелерін орындамаған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Астана қаласы полициясының қызметкерлерімен еліміздің басқа өңірінде ұсталып, елордаға жеткізілді.
«Қазіргі уақытта оның заңсыз әрекеттерінің 9 эпизоды анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы сауда жасау кезінде сақ болуға шақырады. Сатушылар туралы ақпараттың шынайылығын мұқият тексеріп, сенімсіз тұлғаларға алдын ала ақша аудармаңыз.
Еске сала кетейік, елорда полицейлері жоғалған бүлдіршінді жедел тауып, ата-анасына тапсырды.