Астана мен Талдықорған арасында жаңа теміржол бағдары іске қосылды

Бүгін, 11:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана мен Талдықорған арасында жаңа теміржол бағдары іске қосылды
Фото: ҚТЖ

ҚТЖ «Астана – Талдықорған» бағытында жаңа теміржол бағдарын іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бұл бастама тұрғындардан түскен бірқатар өтінішке сәйкес қолға алынды. Бағытта жаңа үлгідегі RWS Wagon вагондары қатынайды.

Пойыз құрамында екі купе және екі плацкарт вагоны бар. Күн ара қатынайтын жаңа бағыт елорда мен Жетісу облысы арасындағы тұрақты қатынасты жолға қояды. Астанадан шыққан вагондар алдымен №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында жүреді. Ақтоғай бекетінде олар №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына тіркеліп, әрі қарай Талдықорған станциясына дейін барады.

Пойыз Астанадан (Нұрлы жол) 9 сәуірден бастап тақ күндері сағат 06:32-де аттанып, Талдықорғанға келесі күні 11:05-те жетеді. Кері бағытта Талдықорғаннан 10 сәуірден бастап жұп күндері сағат 12:15-те шығып, Астанаға 19:30-да келеді. Жол жүру уақыты шамамен 28 сағатты құрайды.

«Жаңа 45-үлгідегі вагондар заманауи талаптарға сай. Вагондардың ішкі интерьері мерзімінен ерте тозуды болдырмайтын арнайы материалдардан жасалған. Сондай-ақ мұнда климат-бақылау мен ауа тазарту жүйелері, жиналмалы жатын орындар, USB-порттар мен 220В розеткалар, Wi-Fi, LED-жарықтандыру және сапалы жылу оқшаулағыш орнатылған. Жолаушылар қауіпсіздігі үшін бейнебақылау, өрт сөндіру жүйелері және кондиционер қарастырылған. Бұдан бөлек, дыбыстық ақпарат беру, электронды таблолар мен шығу есіктерінің жарықтандырылуы бар», – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері.

Бұған дейін әйелдерге арналған вагондарды 856 мыңға жуық жолаушы пайдаланғанын жаздық.