Әйелдерге арналған вагондарды 856 мыңға жуық жолаушы пайдаланды
Пойыздардағы әйелдерге арналған вагондар қызметі енгізілген сәттен бастап 856 мыңға жуық жолаушы пайдаланған. Бұл қызмет бүгінде жоғары сұранысқа ие, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр 260 мыңнан астам әйел жолаушы билет рәсімдеген болса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш бірден 65 мыңға дейін көтерілді.
Қазіргі таңда әйелдер вагондары 12 негізгі бағытта қатынайды:
№77/78 «Алматы-2 – Маңғыстау»;
№351/352 «Алматы-2 – Өскемен-1»;
№45/46 «Павлодар – Түркістан»;
№37/38 «Маңғыстау – Семей»;
№47/48 «Атырау – Нұрлы жол»;
№33/34 «Алматы-1 – Ақтөбе»;
№9/10 «Нұрлы жол – Алматы-2»;
№71/72 «Нұрлы жол – Шымкент»;
№354/353 «Нұрлы жол – Семей»;
№24/23 «Ақтөбе – Алматы-1»;
№25/26 «Алматы-2 – Шымкент»;
№614/613 «Орал – Маңғыстау».
«Бұл вагондардың басты ерекшелігі – жолаушыларға жайлы орта қалыптастыру. Аталған вагондарға билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады. Сонымен қатар, бұл вагондарда әйел жолсеріктер ғана қызмет көрсетеді. Жеті жасқа дейінгі ұл балалардың жолаушымен бірге жүруіне рұқсат етілген», делінген хабарламада.
Билетті онлайн рәсімдеген кезде «әйелдерге арналған» белгісі бар орындарды таңдау, ал кассадан алған жағдайда әйелдер вагоны қажет екенін кассирге алдын ала ескерту жеткілікті.