Бүгін елордадағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназияның мұғалімдері мен оқушылары журналист-жазушы Төлен Тілеубаймен жүздесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл кездесу қоғамдық өмірде өзінің халықшылдығымен, іскерлігімен және белсенділігімен танылып жүрген қайраткер қазақ қызы, Amanat партиясының мүшесі, Астана қалалық мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенованың бастамасымен өтті. Жылы жүздесуде кітап оқу мәдениетін жетілдіру, балаларға арналған әдеби-көркем шығармаларды талдау, бүгінгі жас оқырманның талғамы, әдебиетке деген қызығушылықты ояту сияқты тақырыптарда әңгіме өрбіді.

Мәдина Берікболқызы оқушыларды білімнің қайнар көзі – кітапты сүюге шақырып, білімді адамның өз Отанына көбірек пайдасын тигізетінін айтты. Ұлттық құндылықтарға деген әр адамның шынайы сүйіспеншілігі әдеби кітап оқу арқылы қалыптасатынына нанымды мысалдар келтірді. Балаларға арналған шағын повесі арқылы арқылы әдебиет әлеміне қадам жасаған Төлен Тілеубай қазіргі кезде кішкентай оқырмандардың талғамына сәйкес келетін шығарма жазудағы мақсат-мұратын қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Оның пайымдауынша, әр кітапты қызығып оқитын адам шын мәніндегі уақыт белгісі болып табылатын нәрсені тез тауып алады. Жүздесу барысында автор өзінің тырнақалды туындысын оқырманға таныстырып, шығарманың негізгі өзегі әр балаға деген мейірім, ықылас екенін тілге тиек етті.
Amanat партиясының өкілі Гүлмира Нұрланқызы жиналған қауымға «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы туралы айтып, әрбір бастамаға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ал Мәдина Берікболқызы Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабын өз атынан мектеп кітапханасына, 10-сынып оқушыларына сыйға тартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай қазақстандықтарға арнаған құттықтауында: «Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады» дей келе қоғамда кітап оқу, кітап сыйлау, кітапты насихаттау сияқты ізгілікті істерді көбірек жасауға үндегені мәлім. Олай болса, Мәдина Берікболқызының Amanat-тың астаналық филиалымен бірлесіп өткізген акциясы Ел Президентінің жүргізіп отырған саясатымен үндесетіні анық. Жақсы адам әрқашан жақсылыққа асық болады, ізгілікке ғашық болады. Ізгілік дегеніміз – қоғам, ел, ұлт мүддесі үшін пайдалы іс-қимыл жасау. Халықшыл депутаттың балаларға қамқорлық танытып, кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуға сауапты іс жасауы – көпшілікке үлгі-өнеге.
ЕҰУ студенті Аяулым ЕРЖАНҚЫЗЫ