Astana Eurasian Book Fair-2026: Елордада халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді

Бүгін, 18:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Astana Eurasian Book Fair-2026: Елордада халықаралық кітап жәрмеңкесі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

22-26 сәуір күндері Астанадағы Президент орталығында Astana Eurasian Book Fair – 2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ірі мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шара Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Көрме-жәрмеңке оқиғалық туризмді дамытуға және еліміздің мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.

Көрме-жәрмеңкені «Фолиант» баспасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады.

Көрмеге Қазақстаннан және әлемнің 15 елінен 80-нен астам компания қатысады. Олардың қатарында Ресей, Түркия, Қытай, Ұлыбритания, Испания және өзге де елдер бар. Қатысушылардың шамамен жартысы – отандық баспалар мен ұйымдар.

Бес күн бойы қонақтарға мазмұнды мәдени және іскерлік бағдарлама ұсынылады: жаңа кітаптардың тұсаукесері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтары өтеді.

Бағдарлама аясында Ұлттық кітап күніне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, 23 сәуірде «Ұлттық кітап» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Көрменің ресми ашылуы 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Ашылу салтанатына мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, танымал жазушылар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысады.