Әскери институттың 30 курсанты алғаш рет түнде парашютпен секірді

Әскери институттың 30 курсанты алғаш рет түнде парашютпен секірді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының үшінші курс курсанттары оқу-жаттығу сабақтары барысында Қонаев гарнизонында түнгі парашютпен секіруді сәтті орындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Курсанттар Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен десант түсіру алаңына секірді.

Парашютпен секірмес бұрын «барлау бөлімшелерін басқару» мамандығы бойынша білім алып жатқан курсанттар толық теориялық және практикалық кешенді сабақты меңгерді. Жердегі дайындық бағдарламасы қарапайымнан басталып күрделі түріне қарай ауысты. Алдымен курсанттар парашютті жинауды, секірудің жекелеген элементін меңгеріп, кейін кешенді тренажерда дағдыланып үйренді.

Түнгі тапсырманы пысықтау үшін секіру аймағы алдын ала жарықтандырылды, белгі беру бағдарлары және басқару құралдарын қамтитын техникалық құралдармен толық жабдықталды. Курсанттар сондай-ақ маңдай шамы, жеке қорғаныс және байланыс құралымен қамтамасыз етілді.

«Сіздер қажетті дайындықтан өттіңіздер. Іс-әрекеттеріңізге сенімді болуды, барлық нұсқаулықты қатаң сақтауды және сәтті қонуды тілеймін», - деп курсанттарға Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы полковник Ербол Нұржанов ақ жол тіледі.

Парашютпен секіру – болашақ офицердің кәсіби даярлығындағы маңызды кезең. Дайындықтың барлық сатысында нұсқаушылар қатаң бақылау жүргізіп, әр курсанттың жабдығын мұқият тексерді. Қауіпсіздік шарасын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

«Бұған дейін күндіз секірген болатынмын. Түнгі секіру мен үшін тың тәжірибе болды. Айнала қараңғы болғандықтан сәл қиындық туғызды, бірақ дайындықтың арқасында тапсырма сәтті орындалды», – деді кіші сержант Сұңғат Дәукен.

Нұсқаушылар құрамы курсанттардың үйлесімді іс-қимылын, тәртібін және парашютпен секіру кезінде көрсеткен кәсібилігін жоғары бағалады.

Еске сала кетсек, ақпан айында 200-ге жуық сарбаз алғаш рет парашютпен секірді.