Арыстағы жантүршігерлік көлік апатынан аман қалған науқастардың жағдайы белгілі болды
Арыста болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан кейін ауруханаға жеткізілген екі науқастың жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендердің бірі қазіргі уақытта Арыс аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған бекітілген хаттамаға сәйкес толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде. Науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Ал екінші науқас – кәмелетке толмаған бала. Оның да жағдайы тұрақты. Қосымша мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында ол облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.
Медицина мамандары екі науқасқа да консилиум өткізіп, қажетті емдік-диагностикалық шараларды жүргізген. Қазіргі уақытта пациенттер дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Еске сала кетейік, 9 маусым күні Арыс қаласында JAC маркалы автокөлік жүргізушісі бірнеше адамды қағып, жол апаты салдарынан үш адам, оның ішінде екі жасөспірім қаза тауып, тағы екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген болатын.