Арал теңізін сақтап қалуға бағытталған халықаралық білім беру жобасы басталды
Қызылорда облысында Қазақстан мен Өзбекстанның балалар мен жастары арасында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пилоттық білім беру жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, ЮНИСЕФ-тің, Француз даму агенттігінің қолдауымен және Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Білім беру жобасы өңірдегі 55 мектептің 67 мыңнан астам оқушысын және 800-ден астам педагогті қамтиды.
«Біздің мақсатымыз – балалардың су туралы сауатын арттырып, климаттың өзгеруі жағдайында өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында дұрыс дағды қалыптастыру. Су үнемдеу мәдениетін дамытуға бағытталған жобалар Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүзеге асырылып жатыр. Елшілер мен халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен мыңдаған оқушылар мен студенттерге арналған ашық сабақтар мен экологиялық сағаттар өткізілуде», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.