Ақтөбедегі комиссиялық дүкен 93 млн теңге заңсыз табыс тапқан

Ақтөбедегі комиссиялық дүкен 93 млн теңге заңсыз табыс тапқан
Фото: ҚМА видеосының скрині

Ақтөбеде ломбард қызметі саласында заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тергеу барысында дүкен иесінің ломбард қызметін жүргізуге лицензиясы болмағанын анықтады.

Ол 2020–2025 жылдар аралығында комиссиялық дүкенінде халыққа тұрмыстық техникаға (ұялы телефон, теледидар, фотоаппарат және т.б.) кепілмен қарыз беруді ұйымдастырған.

«Тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлеме белгілеген. Бұл заңдағы 0,3% шектен 12 есе жоғары.

Мәселен, бір клиент 257 мың теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс еді», делінген хабарламада.

Қылмыстық жолмен 93 млн теңгеден астам табыс көлемі тапқан.

Сот санкциясымен күдіктінің 3 автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған елден кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске сала кетсек, Орал қаласында осындай заңсыз қарыз беру схемасы әшкереленген еді.