Ақтөбеде автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Бүгін, 10:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақтөбеде автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: ҚМА

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен міндетті төлемдерсіз жүк автокөліктерін заңсыз есепке қоюмен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтері бойынша топ мүшелері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында N3 санатындағы (жүк тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автокөліктер) 82 көлікті заңсыз тіркеген.

«Құрамында 9 адам болған, олардың арасында автоинспектор мен нотариус та бар. Клиенттер мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы табылып, міндетті төлемдерсіз жүк автокөлікті тіркеу қызметтері ұсынылған. Келісім жасалған соң ұйымдастырушы көлік мәліметтерін ішкі істер қызметкеріне беріп, ұқсас техникалық сипаттамалары бар  есептен шығарылған автокөліктерді таңдап, жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар арқылы құжаттарды ХҚКО арқылы өткізген. Нотариустық әрекеттер заңды иелердің нақты қатысуынсыз жүргізілген», делінеді хабарламада.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 705 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің 2,4 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынып, үшеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Еске салсақ, ШҚО-да қылмыстық топ жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан.