ШҚО-да қылмыстық топ жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан

ШҚО-да қылмыстық топ жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан
ҚМА видеосының скрині

«Усть-Каменогорск инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан топтың заңсыз әрекеті анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында, заңсыз әрекеттер 2023 жылдың маусым-қыркүйек айларында жасалғаны анықталды. Ккүдіктілер ауыр техниканың қосалқы бөлшектері жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды рәсімдеп отырған. Бұл құжаттар арқылы серіктестері салық төлеуден заңсыз жалтарған, олар корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлемеген.

Аталған заңсыз схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқан. Ол салық бақылауынан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен. Осылайша 356 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Мемлекетке 91 млн теңгеден астам салық төленбеген.

Сот санкциясымен күдіктілердің 3 пәтері мен бір көлігіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, өзін салық қызметкері ретінде таныстырып, телефон шалатын алаяқтар көбейді.