Ақмолада аңшылық шаруашылығының аға қызметкері заңсыз аң аулаған

Ақмолада аңшылық шаруашылығының аға қызметкері заңсыз аң аулаған
Фото: Ақмола облысы ПД

Астрахан ауданында елік пен ақбөкенді заңсыз аулауға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр , деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, жергілікті аңшылық шаруашылығы мақсатындағы ЖШС-ның аға қорғаушысы (егерь-авт) қылмыс жасады деген күдікке ілінді. 

«14 ақпанда аудандық полиция бөліміне табиғатты қорғау заңнамасын бұзылғаны жөнінде арыз келіп түсті. Бастапқы тексеру барысында шаруашылық аумағында бірнеше жануар денесінің бөліктері табылды, әрі оның елік, ақбөкен екені анықталды. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды», делінген хабарламада.  

Қазіргі уақытта дәлел жинақтау және болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Тараптардың келтірген дәлелі мұқият тексеріліп, тиісті сараптама тағайындалды. 

Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап Ақмола облысының аумағында табиғатты қорғау заңының бұзылуын болдырмауға бағытталған «Браконьер» шарасы өткізіліп жатыр. 

Еске сала кетсек, бұған дейін «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі аумағында елік атып алған үш адам сотталғаны туралы хабарладық.