Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстары аумағында балық аулауға шектеу енгізіледі

Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстары аумағында балық аулауға шектеу енгізіледі
Фото: freepik.com

Екі облыс аумағындағы Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде және олардың барлық саласы мен су қоймаларында 20 сәуірден 20 мамырға дейін балық аулауға тыйым салынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясына сілтеме жасап.  

АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды енгізу туралы» бұйрығына сәйкес Есіл бассейнінің су қоймаларында (Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары шегінде) уылдырық шашу кезеңінде балық ресурстарын қорғау мақсатында келесі мерзімдерге балық аулауға шектеу енгізіледі:

- шортан, аққайран, көксерке - 15 сәуірден 15 мамырға дейін
- сазан (тұқы) - 20 мамырдан 20 маусымға дейін
- гаммарус - 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін
- артемия цисталары - 1 наурыздан 15 маусымға дейін
- өзен шаяндары - 1 маусымнан 15 шілдеге дейін
 

Айта кетерлігі, 13 мамырдан бастап аталмыш бұйрықтың жаңа редакциясы күшіне енеді.  Ал шектеуді бұзғандар үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Еске сала кетсек, 1 наурыз күні Есіл өзенінде жылтыр қармақпен спорттық балық аулаудан Астана чемпионаты өтті.