«Ақ жол» партиясы Астана қалалық филиалының депутаттары жаңа Конституция жобасын талқылады

«Ақ жол» партиясы Астана қалалық филиалының депутаттары жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото: «Ақ жол» ҚДП

«Ақ жол» ҚДП Астана қалалық филиалының депутаттары Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған мәслихат отырысына қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс барысында мәслихат депутаттары конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен тұжырымдамалық ережелеріне қатысты өз көзқарастарын білдірді.

«Ақ жол» ҚДП Астана қалалық филиалының және әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Асқар Смағұлов сайлау жүйесін жетілдірудің өзектілігін атап өтіп, жаңа Конституция жобасында көзделген өкілді билік пен қоғамдық диалогты нығайтуға бағытталған жаңа институт – бірпалаталы Парламент Құрылтайды құру бастамасына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Мейрамгүл Қабдығалиева заң шығару процесіне азаматтық қоғамды кеңінен тартуға мүмкіндік беретін, Құрылтайға заң жобаларын енгізу құқығы бар «Халық кеңесінің» айрықша рөлін атап өтті.

Отырыс қорытындысында мәслихат депутаттары ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің стратегиялық маңыздылығын бірауыздан қолдап, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын жан-жақты әрі ашық қоғамдық талқылаудың қажеттігін ерекше атап өтті.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұқпаушылыққа заңмен кепілдік берілетінін айтқанын жаздық.