«Ақ жайықтың көз жасы» оқырманға жол тартты

«Ақ жайықтың көз жасы» оқырманға жол тартты
Фото ұйымдастырушылардан

Елордадағы Президенттік орталықта өткен «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің соңғы күнінде жас жазушы Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараны жазушы Жадыра Шамұратова тізгіндеп, алғашқы сөз кезегін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваға берді.

«Мен бүгінгі іс-шарада алдымен ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Жас зерттеуші Нұрсұлтан Мықтыбайдың менің әр жылдардағы жазылған дүниелерімді зерделеп, оқырманға ұсынғаны қуантып отыр. Бір кездері «Ақжайықтың көз жасы» деген көлемді мақала жазған едім, автор соны негізге алыпты. Шын мәнінде Ақжайықтың жыламаған кезі жоқ. Әлі де буырқанып, ішінен тынып, ебіл-себіл болып жатыр. Қалай болған күнде де Ақжайықты жылатуға болмайды», – деді ақын тебіреніп.

«Ақұштап Бақтыгереева туралы айтқанда тереңнен толғануға болады. Оның әр жазған шығармасы оқырман жүрегінен орын тапқан. Қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі де бірегейі. Батыл, ешкімнен тайсақтамайтын, ойына келгенін орынды жеткізе білетін ақынның болмысы, оның адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі болады. Ал Ақұштап жазған сүбелі дүниелерге зерттеу жасап, байыбына бара алған Нұрсұлтан бауырыма мың алғыс, жазары көп болсын», – деді ғалым Серік Негимов.

Кітап таныстырылымында қазақтың күміс көмей әншісі Сәуле Жанпейісова Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Кіммін мен?» әнін және Нұрсұлтан Мықтыбайдың сөзіне жазылған «Ақұштап – ақ шағала» әндерін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.

Ақын Ұлықбек Есдәулет «Ақжайықтың көз жасы» кітабы арқылы Ақұштап Бақтыгереева оқырманына жаңа қырынан танылып отырғанын айтып, шығармашылығына щолу жасады. Ал жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева:

«Нұрсұлтан Ақұштап апайдың азаматтық позициясын, ер азаматтардан кем соқпайтын қайраткерлігін зерттеп, зерделеп жазған екен. Бұл кітап резонанс тудырады, өйткені қазіргі геосаясат үстем заманда тойшыл, бейқам қазақ қоғамы үшін маңызы ерекше зор деп білемін.

Үлкен әдебиетте, проза, поэзия жанрында өзіне ғана тән дара үні болу бағы биік бағаланса, ол ерекшелік Ақұштап ақынның шығармашылық қазынасында бар. Ақұштап апай – менің кейіпкерім. Мен ақын өмірінен алып екі әңгіме жаздым және Ақұштап деп өз есімімен жаздым. Нұрсұлтан Мықтыбайдың мына кітабы деректі, зерттеу жанрының еншісі болса, менікі көркем проза», – деді Айгүл Кемелбаева.

«Ақұштап Бақтыгерейқызының шығармашылығына үңіліп, оның жазғандарын оқырманға ұсынуды өз парызым санадым», – деп кешті түйіндеген автор өз оқырмандарына алғысын жеткізді.

Асантемір Қаршыға