Алтыншаш Табулдина: Ұлттық құрылтай – жаңа кезеңнің бастауы

Бүгін, 15:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Алтыншаш Табулдина: Ұлттық құрылтай – жаңа кезеңнің бастауы
Фото: Аружан Омарова

Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген ойлар – бір сәттік әсер үшін айтылған пікірлер емес. Бұл – елдің ертеңін айқындайтын, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың орныққан форматы. Астана қаласы мәслихатының депутаты Алтыншаш Табулдина Ұлттық құрылтайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Президенттің сөзі бүгінгі Қазақстанды тек экономикалық көрсеткіштер арқылы өлшеуге болмайтынын айқын көрсетті. Әрине, өсім де бар, статистика да бар. Алайда ең басты өзгеріс – қоғамның өзінде: ойлау мәдениетінде, жауапкершілік деңгейінде, талап қоюында.

Құрылтай мінберінде қозғалған тақырыптар әр алуан болғанымен, олардың түпкі мәні ортақ. Ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдени мұраға құрмет, су ресурстары сияқты күрделі аймақаралық мәселелерді дипломатиялық жолмен шешу, экономиканың нақты секторын дамыту, дәстүрлі құндылықтар мен азаматтық бостандықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтау – мұның барлығы біртұтас мемлекеттік көзқарастың ажырамас бөлігі.

Ұлттық құрылтай соңғы жылдары тек пікір алмасу алаңы болып қалған жоқ. Онда көтерілген бастамалар нақты заңдарға, нақты шешімдерге ұласты. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі, қоғамға зиянды әдеттерге қарсы жүйелі қадамдар, еңбек адамының мәртебесін арттыру – бұлар жай декларация емес, жүзеге асып жатқан нақты істер», - деді Алтыншаш Табулдина.

Мәслихат депутатының айтуынша, Президенттің «реформалар тұрақты сипат алды» деген сөзі де терең мағынаға ие. Бұл өзгерістер уақытша науқан емес, ұзақ мерзімді, жүйелі процесс екенін аңғартады. Ал жүйелілік – әр деңгейде жауапкершілік пен адал еңбекті талап етеді.

«Ұлттық құрылтайдың басты құндылығы – күрделі, кейде ыңғайсыз сұрақтардан қашпай, оларды ашық әрі шынайы талқылай білуінде. Бірлік дегеніміз – бәрінің бірдей ойлауы емес, ортақ мақсатқа бірге ұмтылу.

Президент атап өткендей, ұлт болашағын айқындайтын маңызды шаруалар енді ғана басталып отыр. Сондықтан бүгінгі Құрылтай – өткенді қорытындылау емес, жаңа кезеңнің берік бастауы», - дейді депутат.