Тараздық әйел алтыннан айрылғанын отбасынан жасыру үшін тоналғанын айтқан
Тараз қаласының №2 соты қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу фактісі бойынша азаматша Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Тараз қаласының сотына сілтеме жасап.
Сотталушы Н. өзінің алтын зергерлік бұйымдарын ломбардқа тапсырып, барлық ақшаны белгісіз адамдар көрсеткен шоттарға «трейдинг оқуы» үшін аударған. Кейін аталған курстардың жалған екенін және ақшаны қайтара алмайтынын түсінген соң, ол әрекетін отбасынан жасырып қалу мақсатында өзін тонап кеткен қылып қылмысты қолдан ұйымдастырады.
Сотталушы келініне тиесілі алтын және гауһар зергерлік бұйымдарды жасырып, өзін скотчпен байлап, үйге белгісіз адамдар кіріп, күш қолданып, алтындарды тартып әкетті деп мәлімдеді.
Алайда полиция жүргізген тергеу нәтижесінде қылмыс туралы мәлімдеменің жалған екендігі анықталды.
Н.-ның кінәсі куәлердің айғақтарымен және тергеу хаттамаларымен расталды.
Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындағанын және өкініш білдіргенін ескерді. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 419-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылаумен 2 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік барын ескерткені туралы жаздық.