ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік барын ескертті

Бүгін, 09:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік барын ескертті
Фото: Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін жауапкершілік барын еске салады. Мұндай әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы тарату фактілері тіркеліп жатыр. Мұндай әрекет әзіл-қалжың ретінде жасалса да қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуациялауға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкеледі, сондай-ақ шұғыл қызметтерді елеулі алаңдатады.

Бұл қылмыс үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Осындай барлық хабарлама міндетті түрде тексеріледі, ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдарды қолдану арқылы анықталады.

Полиция азаматтарды:

• ⁠тексерілмеген ақпаратты таратпауға;

• ⁠жалған шақырулар мен хабарламалар жасамауға;

• ⁠балаларға терроризм актісі туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге;

• қауіп-қатері бар хабарламалар алған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.