Алтынкөл – Қорғас торабының өткізу қабілеті екі есеге жуық артады
Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде негізгі инфрақұрылымдық тораптарды жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Алтынкөл станциясы мен Қорғас шекаралық өткелі бірыңғай теміржол-шекаралық кешенді құрайды. Ол – халықаралық көлік дәлізінің маңызды буыны. Аталған торап елдің транзиттік әлеуетін арттыруда ерекше рөл атқарады.
Алтынкөл – Қорғас торабы арқылы экспорт-импорт және транзиттік жүк тасымалының едәуір көлемі жүзеге асырылады. Инфрақұрылым жүктерді жедел өңдеуді, контейнерлерді қайта тиеуді және екі мемлекеттің теміржол қызметтерінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта ауқымды жаңғырту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Алтынкөл – Жетіген учаскесінде жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын екі аралықта екінші жолдардың құрылысы жалғасып жатыр, сондай-ақ, 5 жаңа және 8 қолданыстағы айырықты дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл желінің өткізу қабілетін тәулігіне 18 жұп пойыздан 33 жұп пойызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов жұмыс сапары аясында станциядағы жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Жобаларды аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Оларды іске асыру Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтіп, ұлттық көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттырады.
Бұған дейін 2025 жылы елімізде 13 мың шақырым автожол жөнделгенін жаздық.