Алматы зообағында сирек кездесетін хайуанаттар гиббондар мен лемурлар егізден төлдеді
Алматы зообағында сирек кездесетін хайуанаттар аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурлар төлдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ең қызығы, сақиналы құйрықты лемурлардың екі жұбы да егізден төлдеген. Алғашқы егіздер 6 наурызда, екінші жұптың төлдері 17 наурызда туған. Қазір кішкентай лемурлар мамандардың тұрақты бақылауында қалыпты өсіп келеді.
Сондай-ақ 6 наурыз күні аққол гиббонның да төлі туған. Бұл – хайуанаттар бағында бірнеше буыннан бері жалғасып келе жатқан әулеттік желінің жаңа өкілі. Төлдің әкесі Джим мен әжесі Джулия да осы зообақта туған. Ал оның арғы атасы Табинді тұрақты келушілер жақсы біледі.
Мамандардың айтуынша, аналықтар мен олардың төлдерінің жағдайы жақсы. Күннің жылынуына байланысты жануарлар жазғы қоршауларға шығарыла бастаған. Енді келушілер олардың табиғи ортаға жақын жағдайдағы тіршілігін және мінез-құлқын тамашалай алады.
Зообақ өкілдерінің сөзінше, төлдердің тууы жануарларды күтіп-бағу мен көбейтуге жасалған қолайлы жағдайдың нәтижесі болып саналады.
«Аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурларда төлдің дүниеге келуі осы түрлердің генетикалық әртүрлілігін сақтауға ықпал етеді әрі келушілердің жабайы табиғатты қорғау мәселесіне қызығушылығын арттырады», – деді Алматы хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің жетекшісі Шолпан Әбдібекова.
Алматы хайуанаттар бағы қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа кішкентай тұрғындармен танысып, олардың алғашқы қадамдарына куә болуға шақырды.
Бұдан бұрын Қазақстанға Чехиядан жерсіндіруге бір топ кертағы жеткізілгенін жазған едік.