«Алматы – Өскемен» жолының жаңартылған 11 шақырымы пайдалануға берілді
Жетісу облысында республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолының 213 - 234 шақырым аралығындағы учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол»-ға сілтеме жасап.
Қазіргі таңда жолдың оң жақ бөлігіндегі 21 шақырым учаскеде жол негізін қайта қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ, жобаға сәйкес қарастырылған үш қабатты асфальт-бетон жабынының алғашқы екі қабаты төселді.
Сонымен қатар, жолдың жота беткейлерін тегістеу, арықтарды бетондау және жол инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған өзге де жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
«Оң жақ бөліктегі негізгі құрылыс кезеңі аяқталғаннан кейін арнайы техника мен жұмыс күштері жолдың сол жақ бөлігіне жұмылдырылды. Мұнда ескі асфальт жабындысын жону, жолдың төменгі қабатын қалпына келтіру және жаңа асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінеді хабарламада.
Бүгінде жаңадан асфальт төселген жолдың оң жақ бөлігіндегі 11 шақырымдық учаскеде (Алматы – Талдықорған бағыты) көлік қозғалысы ұйымдастырылып, жол пайдаланушылардың игілігіне берілді.
Қайта жаңғырту жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жалғасуда.
Компания өкілдері көлік жүргізушілерін уақытша қозғалыс сызбасын сақтап, орнатылған жол белгілерінің талаптары мен жол қызметкерлерінің нұсқауларын қатаң орындауға шақырды.
Еске салсақ, СҚО-да Астана – Петропавл – Ресей шекарасы тасжолының учаскелері жөнделіп жатыр.