Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Іле өзені жағасында үш азаматқа оқ атқан ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға 2024 жылғы 26 қазанда Қонаев–Бақанас автожолының 26-шақырымында орналасқан «Ш» шаруа қожалығы аумағында болған. Спирттік ішімдік ішкен ер адам шамамен сағат 22:00-де жағалауда балық аулап отырған үш жігітке бірнеше рет оқ атқан. Нәтижесінде олар әртүрлі деңгейдегі жарақат алған. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында үшеуі де аман қалған», – делінген хабарламада.
Сот тергеу материалдарын зерттей келе айыпталушының әрекетін «екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу» ретінде саралап, қылмыстың мас күйінде жасалғанын ауырлататын мән-жай деп таныды.
Сот шешімімен күдікті 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.