Алма бағына қатысты іс: Қор басшылығы мемлекеттің 430 млн теңгесін жымқырған

Алма бағына қатысты іс:  Қор басшылығы мемлекеттің 430 млн теңгесін жымқырған
Фото: freepik.com

Шымкентте алма бақтарына қатысты бағдарлама бойынша мемлекет қаржысын жымқырғандар 430 млн теңгеден астам залал келтірген. Оның үстіне 327 млн теңгеден астам инвестициялық субсидияны заңсыз алған. Қылмыстық іс сотқа жөнелтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті интенсивті алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру» бағдарламасы жобаларын қаржыландырған. Сол бойынша дайын инфрақұрылымы бар ауыл шаруашылығы жерлерін кәсіпкерлерлік субъектілеріне лизингке берілген.

Тергеу амалдарына сай, қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Омаров байланысы бар тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарда, соның ішінде «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-ын тарта отырып, мемлекет қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

«Тауарлар мен жұмысты сатып алу рәсімін бұза отырып негізінен бір көзден алу тәсілімен, бәсекелестік орта қамтамасыз етілмей жүргізілген. Жабдықтар мен материалдардың, құрылыс-монтаж жұмысының құны жасанды түрде өсірілген, ал көзделген жұмыстың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.

Соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актісі рәсімделіп, солардың негізінде бюджет қаражаты аударылған», делінген хабарламада.

Нәтижесінде мемлекетке 430 млн теңгеден астам залал келтірілген.

Қосымша агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінген инвестициялық субсидияны заңсыз алу фактілері де анықталды.

«Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар арқылы бақтарды дамытуға және жұмсалған шығындарды өтеуге арналған субсидия алуға өтінімдер берілген. Нәтижесінде олардың шоттарына жалпы сомасы 327 млн теңгеден астам бюджет қаражаты аударылған.

Алайда нақтысында көрсетілген мақсаттарға қаражаттың тек шамамен 20%-ы ғана жұмсалып, қалған бөлігі 250 млн теңгеден астам қаржы сенімді адамдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған», - деп мәлім етті ведомство..

Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын құны 1 млрд теңгеден асатын жер участкелеріне тыйым салынды.  Күдікті Ж.Омаров қамауға алынды. 

Еске салсақ, аталған факт бойынша қордың бұрынғы басқарушы директоры М.Ысқақов пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-ның басшысы Р.Сазынбектердің 4 автокөлігі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.