Бүгін – Алғыс айту күні

Бүгін – Алғыс айту күні
Коллаж: Elordainfo.kz

Бүгін – Алғыс айту күні. Көктемнің алғашқы күнімен келетін айтулы мерекені еліміз биыл оныншы рет қатарынан атап өткелі отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстандықтар алғаш рет 2016 жылдың 1 наурызында мерекені атап өтуді бастады. Бұл мерекені енгізу идеясын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы ұсынды. Ал 2016 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды ресми түрде Алғыс айту күні етіп жариялады. Дәл осы күні «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 

Алғыс айту күнінің тарихи негізі тереңде жатыр. ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде Қазақстан жеріне түрлі этнос өкілдері күштеп қоныс аударылды. Сталиндік саясат салдарынан жүздеген мың адам туған жерінен жыраққа жіберілді. Немістер, поляктар, Солтүстік Кавказ халықтары, Қиыр Шығыстан келген корей отбасылары қазақ даласына табан тіреді. Сол бір зұлмат заманда қазақ халқы өзге жұртты жатсынбай, барымен бөлісіп, құшақ жая қарсы алды. Халқымыздың дархандығы мен кең пейілі талай тағдырды ажалдан арашалап қалды.

Бүгінде Алғыс айту күні – сол жанашырлыққа, адамгершілікке және бауырмалдыққа білдірілген шынайы ризашылықтың белгісі. Бұл күн – түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуымен қатар, барша қазақстандықтардың бір-біріне құрмет көрсететін мерекесі.

Айта кетейік, осы мерекенің мәніне ұқсас ризашылық білдіру күні: АҚШ, Жапония, Израиль, Вьетнам, Қытай, Беларусь тағы басқа елдерде де тойланады.