Референдум-2026

Академиялық ескек есуден тарихи жүлде жеңген Артём Матусевич елге оралды

Академиялық ескек есуден тарихи жүлде жеңген Артём Матусевич елге оралды
Фото: Ернұр Сағымбек

Академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Матусевичті Астана халықаралық әуежайында отбасы, туған-туыстары, достары, жанкүйерлері, әріптес спортшылар, жаттықтырушылары мен спорт саласының өкілдері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Германияның Дуйсбург қаласында өткен әлем чемпионатында Артём Матусевич Қазақстан тарихындағы академиялық ескек есуден әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алған тұңғыш спортшы атанды. Бұл – отандық ескек есу спорты үшін тарихи жетістік.

Әуежайда спортшыны туған-туыстары, достары, жанкүйерлері, жаттықтырушылары, спорт саласының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қарсы алды. Жиналған қауым чемпионды ыстық ықыласпен қарсы алып, гүл шоқтарын табыстап, қошемет көрсетті.

Елге оралған сәтте Артём Матусевич бұл жетістіктің өзіне ғана емес, тұтас Қазақстан спорты үшін маңызды екенін атап өтті.

«Бұл медаль – менің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Әлем чемпионатында еліміздің туын көтеріп, тарихи нәтиже көрсету мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жетістікке жету үшін ұзақ жылдар бойы күн сайын тынымсыз еңбек еттік. Әр жаттығудың, әр жарыстың өзіндік қиындығы болды. Бірақ мен әрдайым Қазақстанның атын халықаралық аренада танытуды мақсат еттім. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп тұрғаныма өте қуаныштымын», – деді Артём Матусевич.

Спортшы бұл жетістікке жету жолында өзіне қолдау білдірген жандарға алғысын айтып, алдағы мақсаттарымен де бөлісті.

«Ең алдымен жаттықтырушыларыма, командама, отбасыма және әрдайым қолдау көрсеткен жанкүйерлерге шын жүректен алғыс айтамын. Осындай сенімнің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткіздім. Бұл жүлде Қазақстандағы академиялық ескек есу спортының дамуына жаңа серпін береді деп сенемін. Алда бұдан да ірі жарыстар бар. Сондықтан тоқтап қалмай, елімізге тағы да жоғары дәрежедегі медальдар сыйлау үшін бар күшімді саламын», – деді ол.

Айта кетейік, Германияның Дуйсбург қаласында өткен U23 санатындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында бес спортшы бақ сынады. Солардың ішінде Артём Матусевич қола жүлдеге ие болып, академиялық ескек есу тарихындағы ел қоржынына түскен алғашқы әлем чемпионатының медалін сыйлады.