Агенттік төрағасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесті
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай орталық мемлекеттік органдардың қызметшілерімен кездесулерін жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттікке сілтеме жасап.
Осы ретте Агенттік төрағасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұжымымен жүздесіп, мемлекеттік қызметті дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтті.
Дархан Жазықбай Президенттің Ұлттық Құрылтайдағы мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсарту жайлы пікірінің маңыздылығына назар аударып, мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту және алдағы негізгі міндеттер жайлы айтты.
Сонымен қатар, адамға бағдарланған сервистік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, іріктеу жүйесін жетілдіру және саланы кешенді цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл шаралар мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қоғам сенімін арттыруға негіз болады.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші – мемлекет пен қоғам арасындағы негізгі көпір екені атап өтіліп, оған қойылатын талаптың да, жүктелер жауапкершіліктің де әрдайым жоғары болатыны айтылды. «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыру – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік тұғыры әрі іргелі негізі екені ерекше атап өтілді.
Агенттік төрағасы Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтаудың қажеттілігіне де арнайы тоқталды.
«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін орнықтыруға бағытталған жаңашылдықтармен бөлісті. «Мемлекеттік қызметші кәсіби, жауапты әрі қоғамға үлгі болуы тиіс», – деді ол.
«Е-қызмет» цифрлық іріктеу жүйесін дамыту, меритократия қағидатын ілгерілету, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу мемлекеттік қызметтің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашатыны атап өтілді.
Агенттік төрағасы Конституцияның жаңа жобасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп,Конституцияның жаңа жобасында адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті.

Кездесу соңында мемлекеттік қызметшілер сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.