Адам құндылығы, білім және инновация: STEM Academia алаңында жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
11 наурыз күні Жалпыұлттық коалиция өкілдері STEM Academia ұжымымен Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ауқымды кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға мемлекет қайраткері Сауытбек Әбдірахманұлы, «Қазақ Билер Алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ардагер-педагог Қажымұрат Нәсиұлы, «Ел қазына» компаниясының басшысы Нұрлан Ыбырайымов және «Ақ жол» партиясының мүшесі Дамир Акимов қатысты.

Кездесу барысында Конституция жобасының преамбуласында көрініс тапқан елдік мұрат, адам құндылығы, отбасы институты, неке, білім мен ғылымның рөлі, инновация мен прогресс секілді өзекті бағыттар кеңінен айтылды. Жиынға 100-ден астам адам қатысып, ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты.
STEM Academia – білім беру үдерісіне заманауи зертханалар мен пәндік кабинеттерді енгізуге, оқу кеңістігін жаңғыртуға бағытталған инновациялық мекеме. Осындай ортада өткен кездесудің мазмұны да білім, технология және адам капиталы төңірегіндегі маңызды ойлармен сабақтасты. Спикерлер жаңа Конституция жобасында еңбек құқығын қорғау, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігін күшейту, сапалы білім алуға жағдай жасау секілді басымдықтар айқын көрініс тапқанын атап өтті. Әсіресе, қоғамның тұрақты дамуы үшін ғылым мен инновацияны қолдау тек экономикалық міндет емес, ол – ел болашағына салынатын стратегиялық инвестиция екені айтылды.

«Преамбула – құжаттың кіріспесі ғана емес, мемлекеттің рухани өзегі. Онда адамға құрмет, отбасы мен неке құндылығы, ұлттың білім мен ғылымға ұмтылысы айқын көрініс табады. Бүгінгі таңда инновацияны қолдау – болашақты қорғаудың ең нақты жолы», – деді мемлекет қайраткері Сауытбек Әбдірахманұлы.
«Қазақ Билер Алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ардагер-педагог Қажымұрат Нәсиұлы жаңа Конституциядағы білім мен тәрбие мәселесіне тоқталды.
«Қоғамның сапасы ең алдымен адам құндылығымен өлшенеді. Егер Конституцияда білім, тәрбие, еңбек адамының мәртебесі мен отбасылық жауапкершілік берік көрсетілсе, бұл елдің ертеңіне қызмет ететін үлкен тұғыр болады. Жастарға жол ашатын ғылым мен білім – мемлекеттің шынайы қуаты», – деп атап өтті «Қазақ Билер Алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ардагер-педагог Қажымұрат Нәсиұлы.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжат қана емес, адамды, оның қадір-қасиетін, отбасы құндылықтарын, еңбек пен білімнің мәртебесін алдыңғы орынға шығаратын қоғамдық бағдар екенін жеткізді. Бұл тұрғыда жобада айқындалған жалпыұлттық жауапкершілік, бірлік пен даму идеясы бүгінгі Қазақстанның жаңару бағытымен үндесетіні ерекше айтылды.