Абзал Әжғалиев: Қазақ баласы да шорт-тректен жарыса алатындығын көрсетсем деймін
Бүгін, 8 қаңтар күні, Милан-2026 қысқы Олимпиадасына дайындық мақсатында шорт-трекшілер елорда төріндегі «Алау» мұз сарайында ашық жаттығу өткізді. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласының спортшысы Абзал Әжғалиевпен тілдесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
- Милан-2026 қысқы Олимпиадасына дайындығыңыз бойынша айтып өтсеңіз.
- Күні кеше ғана әлеуметтік желілерде Милан-2026 ақ Олимпиадасына бір ғана ай қалғаны жайлы ақпарат шықты. Біз өз кезегімізде «Алау» мұз сарайында соңғы жаттығуларымызды өткізіп, Олимпиадаға қызу дайындалып жатырмыз. Барлық жағдай жасалды. Біздің мақсатымыз - басты бәсекеге физикалық жағынан жоғары формада бару. Қазіргі сәтте денсаулығымызға мән беріп, әлем кубоктарындағы қателіктерімізді саралап жатырмыз.
- Сіз 2014, 2018, 2022 жылғы қысқы Олимпиадаларға қатыстыңыз. Сочи Олимпиадасыда ерлер эстафетасында 5-орын және Бейжің Олимпиадасында 500 метр қашықтықта жүлдеге бір қадам жетпей, 4-орынға тұрақтадыңыз. Алдағы бәсекеден не күтесіз?

- Бала кезден бергі арманым - Олимпиада ойындарынан жүлде алу. Қазақ баласы да шорт-тректен жарыса алатындығын көрсетсем деймін. Өзім де әлеуметтік желіде үнемі бауырларымды қысқы спортпен айналысуға шақырып жүрмін. Төртінші, бәлкім, соңғы мүмкіндігім. Сондықтан қазақ елін қуанту үшін барымды саламын.
- Бейжің Олимпиадасынан кейін сізді кей жарыстарда көре алмадық. Тіпті Абзал Әжғалиев спортты қойды ма деген ой да болғаны рас. Бірақ сіз қайтадан өзіңізді көрсете алдыңыз. Бұның сыры неде?
- Бейжің Олимпиадасына 4 жыл бойы тұрақты дайындалу физикалық және психологиялық тұрғыдан ауырға соқты. Өзімнің жарақаттарымды емдеп әрі Оңтүстік Кореяда арнайы дайындықтан өтіп, өзіммен жұмыс істеуге тырыстым. 2024 жылдың соңында жарыстарға қайта оралдым. Нәтижесінде 2025 жылы Азия ойындарында 5000 метр қашықтықта тарихи алтын медальді жеңіп алдық. Әлем кубогының кезеңдерінде тұрақты өнер көрсеттім. Енді шешуші мәре - Милан-2026 қысқы Олимпиадасы. Жауапкершілікті сезінемін. Бұйырса, 500 метр және аралас эстафетада өз бағымды сынаймын.
- 2025 жылдың қазан мен желтоқсан аралығында өткен 4 әлем кубогының кезеңдерінде жүлде тұғырынан көріне алмадыңыздар. Бұған не себеп?
- Әлем кубогы мен Олимпиаданы салыстыруға келмейді. Біздің мақсатымыз - қажетті ұпай жинап, Олимпиадаға дейін физикалық дайындығымыздың ең жоғарғы шыңына шығу. Алдын ала тон пішу қиын. Фавориттердің өздері қателікке бой алдырып, опық жеп те қалуы әбден мүмкін.
- Жанкүйерлерге тілегіңіз бар ма?
- Баршаңызды қысқы спорт түрлерімен айналысуға шақырамын. Экранның арғы жағындағы көрермендер жазғы Олимпиаданы асыға күтеді. Ал бізді көп жағдайда шатастырып, сен неге қатыспайсың деп сұрап жататын жайттар аз емес. Сондықтан ақ Олимпиаданы да көріп, қысқы спорттың да ләззатын сезініңіз.
Еске салайық, бұдан бұрын теннисші Елена Рыбакина Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шыққаны туралы жаздық.