Теннисші Елена Рыбакина Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингіде 25-орында тұрған испаниялық Паула Бадосамен кездесті. Қарсыластар осыған дейін өзара сегіз рет кездесіп, төрт-төрттен жеңіске жеткен еді. Соңғы үш ойында Рыбакина ұтқан болатын.
Бұл жолы бірінші партияда 2:0 есебімен Бадоса алға шыққанымен, Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, брейкпен тәмамдай алды – 6:3. Екінші сетті қазақстандық теннисші қарқынды бастады – 3:0. Бадосаның қателігін мүлт жібермеген Елена матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2. Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрова немесе рейтингіде 20-сатыдағы чехиялық Каролина Мухованың қай жеңгенімен ойнайды.
Бұған дейін Қазақстанда балалар спортын қаржыландыру екі есеге жуық артатынын жаздық.