Абай облысында көлікте ұйықтап кеткен екі адам уланып көз жұмды

Абай облысында көлікте ұйықтап кеткен екі адам уланып көз жұмды
Фото: drom.ru

Қайғылы оқиға кеше Семей қаласының шыға берісіндегі жанармай бекетіне жақын жерде болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бұл туралы алғашында қалалық пабликтер жариялады. Екі адам көлікте ұйықтап кетіп, уланып қайтыс болғаны хабарланды.

Абай облысы Абай аудандық полиция бөлімі Семей қаласының шетінде «Газель» көлігінде екі ес-түссіз адамның табылғаны расталғанын мәлім етті.

«Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына дереу жетті. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм оталып тұрған және құлыптаулы көліктің ішінде болған. Ешқандай қылмыс белгілері табылмаған. Адам өліміне газдан улану себеп болды деп болжанып отыр», делінген хабарламада.

Полиция бөлімінің мәліметінше, қазір тергеу жүргізіліп жатыр, соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция азаматтарды көлікпен жүргенде жабық немесе желдетілмейтін жерлерде қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауға шақырады.

Еске салсақ, елордада қарды уақытылы тазаламаған 190-ға жуық субъект жауапкершілікке тартылды