Референдум-2026

Абай академиясы 94 ғылыми монографияны жарыққа шығарды

Бүгін, 16:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Абай академиясы 94 ғылыми монографияны жарыққа шығарды
Фото: ortcom.kz

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Абай академиясы 2019 жылы Президент Жарлығымен құрылды. Осы уақыт аралығында 94 ғылыми монография жарық көрді. Еңбектерге ЕҰУ ғалымдарымен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі абайтанушы зерттеушілердің де еңбектері енген. Бұл туралы ОКҚ алаңында ЕҰУ «Абай академиясы» ҒЗИ ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ақтанова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, зерттеулер филологиямен ғана шектелмейді. Олардың қатарында философиялық, психологиялық бағыттағы еңбектер де бар. Мәселен, «Абайдың социумы» атты көптомдық зерттеуде Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы орны, ақын шығармаларын заманауи ортада пайдалану мәселелері қарастырылған.

Айман Ақтанова абайтанудың тәуелсіздік жылдарында жаңа ғылыми бағыттарда дамып келе жатқанын атап өтті.

«Академия қорында Тұрсын Жұртбай, Жаңғара Дәдебаев, Шәкір Ыбыраев, Жанат Әскербек және басқа да ғалымдардың еңбектері бар. Олардың арасында Абай шығармаларын герменевтикалық тұрғыдан талдауға арналған зерттеулер де кездеседі. Бұл бағыт ақын шығармаларындағы әр сөздің мағынасы мен қолданылуын терең зерделеуге мүмкіндік береді», – деді спикер баспасөз конференциясында.

Еске сала кетейік, елімізде Абай есімді 19 мыңға жуық адам бар.