8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні: тарихы және әртүрлі елдегі сипаты
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қашан пайда болды? Бұл мерекені қазақстандықтар мен шетелдіктер қалай атап өтеді? Elordainfo.kz тілшісі осы және өзге де сұраққа жауап іздеп, айтулы күннің тарихына үңіліп көрді.
Халықаралық әйелдер күні мерекесінің арғы тарихы сонау 150 жыл бұрын америкалық әйелдердің наразылық акциясынан басталды. Сол әйелдер көшеге шыққанда олардың әрекеті әлемнің түкпір-түкпіріндегі жүздеген миллион нәзік жандылар асыға күтетін және жақсы көретін мерекенің пайда болуына себеп болады деп ешкім ойлаған жоқ еді.
1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йорк қаласында тоқыма фабрикасында істейтін шамамен 15 мың жұмысшы әйел көшеге шығып, бос кастрөлдерді соққылап, еңбек жағдайын жақсартуды, лайықты жалақы мен ерлермен тең құқық беруді талап еткен болатын. Газеттер бұл акцияны «бос кастрөлдер маршы» деп атады. Кейін бұл күн 8 наурыз мерекесінің тарихының бастамасы ретінде қарастырыла бастады. Алайда мерекенің халықаралық мәртебе алуына ұзақ жылдар керек болды. Ал XIX ғасырдың ортасында АҚШ-та және басқа елдерде әйелдердің құқықтары үшін күрес енді ғана басталып жатқан еді.
Бұдан 50 жылдан кейін, 1908 жылы америкалық әйелдер Нью-Йорк көшелерінде тағы да дәл сондай талаптармен акция өткізді. Бұл жолғы ереуіл полициямен қақтығысқа ұласып, шерушілерді өрт сөндіру шлангысынан суық су шашып, таратып жіберді. Бір жылдан кейін, 1909 жылы ереуілдер тағы ұйымдастырылды. Ал 1910 жылы наразылық акциялары АҚШ-тың басқа да ірі қалаларында болды.
Осы уақытта Еуропада әйелдердің қоғамдық ұйымдары мен қозғалыстары құрылып жатты. 1910 жылы Копенгагенде өткен социалист әйелдердің II халықаралық конференциясында халықаралық социал-демократиялық қозғалыстың белсендісі Клара Цеткин әйелдер әртүрлі елде бір мезгілде өз талаптарын білдіре алатын арнайы күн белгілеуді ұсынды. Конференцияға қатысушылар бұл идеяны қолдап, «еңбекші әйелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси тең құқықтары үшін күрестегі халықаралық күні» туралы арнайы қарар қабылдады.
Бастапқыда нақты күн белгілеу қиын болды: 1911 жылы – 19 наурыз, 1912 жылы – 12 мамыр, тек 1914 жылы – 8 наурыз болып бекітілді.
Бұл мерекеге халықаралық мәртебені 1975 жылы БҰҰ сол жылды «Халықаралық әйелдер жылы» деп жариялағаннан кейін толық бекітті.
Қазіргі Қазақстан аумағында 8 наурыз мерекесі 1923 жылы Халықаралық жұмысшы әйелдер күні ретінде белгіленді. Қазақ әйелдері құқық жағынан ерлерден едәуір төмен болды. Сондықтан белсенді әйелдер өз құқықтары үшін күреске қосылды.
КСРО-да 1965 жылы 8 наурызға мерекелік демалыс күні мәртебесі берілген.
Қазіргі уақытта Халықаралық әйелдер күні әлемнің көптеген елінде түрлі деңгейде аталып өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл сайын Халықаралық әйелдер күніне арнайы тақырып жариялайды. Белгіленген тақырыпқа сәйкес жыл бойы және 8 наурыз күні халықаралық іс-шаралар мен дәрістер өткізіледі. Дегенмен әр ел Халықаралық әйелдер күнін қалай атап өтетінін өзі анықтайды.
Германия
Клара Цеткиннің отаны Германияда 8 наурыз кеңінен аталып өтпейді. Бұл елде мереке ресми де, демалыс күні де болып саналмайды. Бұрын ГДР-де немістер өз әйелдерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтайтын, алайда Германия біріктірілгеннен кейін бұл мереке біршама ұмыт қалғандай болды. Қазіргі кезде ол тек Берлин мен Померанияда ғана мемлекеттік мереке мәртебесіне ие, бірақ ол жерлерде де аса танымал емес.
Франция
Көптеген франциялық әйел үшін 8 наурыз – митингілер мен әйелдердің құқықтары үшін күрес күні. Жыл сайын олар биліктің назарын әйелдердің қоғамдағы жағдайына және еңбек шарттарына аударту үшін плакаттар ұстап көшеге шығады.
Италия
Бұл елде әйелдер күні мерекелер күнтізбесінде болғанымен, мемлекеттік мереке болып саналмайды. 8 наурызда Италияның ірі қалаларында белсенділер мен кәсіподақтар ұйымдастырған көпшілік шерулер мен митингілер өтеді. Наразылыққа шыққандар әйелдерді қолдайтын жарқын плакаттар ұстайды. Итальян әйелдерінің көпшілігі 8 наурызды әйелдер ынтымақтастығының мерекесі деп санайды. Бұл күннің символы – мимоза бұтағы. Оны әдетте әйелдерге сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі ретінде сыйлайды.
Куба
8 наурыз күні барлық жастағы кубалықтар көшеге шығып, бір-бірін құттықтайды, ән айтып, би билейді. Орталық алаңдарда түрлі-түсті фестивальдер ұйымдастырылады. Ол жерде атақты әйелдердің – жазушылардың, ақындардың, музыканттардың және суретшілердің өнерін көруге болады.
Қытай
Қытайда Халықаралық әйелдер күні ерекше мағынаға ие. Бұл күнді білдіретін иероглиф «үй ошағын сақтаушы» деп аударылады. Сондықтан 8 наурызда көбіне аналарды және тұрмыстағы әйелдерді құттықтау дәстүрге айналған. Әдетте оларға шағын сыйлықтар, ашық хаттар және құмырадағы гүлдер сыйлайды, өйткені Қытайда үлкен сәнді гүл шоқтарын сыйлау кең тарамаған. Сонымен қатар 8 наурыз жұмыс істейтін әйелдердің мерекесі болып саналады. Бұл күні басшылар бір ұжымда жұмыс істейтін қызметкер әйелдерге еңбектері үшін алғыс білдіреді.
Қазақстан
Қазақстанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мереке және күнтізбеде демалыс күні болып бекітілген. Халық арасында бұл күн отбасылық мерекеге айналған. Осы күні адамдар бір-біріне қонаққа барып, сүйіктілерін, құрбыларын, жұбайларын және аналарын құттықтайды, оларға гүлдер, сыйлықтар сыйлап, ерекше көңіл бөледі.
Бұған дейін 1 наурыз – Алғыс айту күні туралы жаздық.