700-ден астам астаналық жаңажылдық жүгіріске қатысты
Жексенбінің таңында қала тұрғындары Триатлон саябағында 5 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұқаралық спорттың арасында танымалдылыққа ие жүгіруден 2025 жылдың қорытынды жүгірісі ұйымдастырылды. Сынап бағанасы -20 градусты көрсетсе де, 700-ден астам адам қатысуға ниет білдірді.

«Астанадағы спорт – жетістіктер мен медальдар ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың денсаулығы, өмір сапасы және елдің абыройы. Соның ішінде жүгіру – қолжетімді әрі мезгіл таңдамайтын спорт. Оған бүгінгі жаңажылдық спорттық іс-шарамызға келген азаматтарымыз дәлел. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға алғысымызды айтамыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
2025 жылдың көрсеткіші бойынша елордада тұрақты түрде спортпен айналысатын халықтың саны 42%-ды құрайды (670 мыңнан астам адам). Биыл 877 бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізіліп, 1 миллионға жуық тұрғын қамтылған.

Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 8-де және ең егдесі 92 жаста болды.
«Бүгін менің туған күнім. 92 жасқа толып жатырмын. Осындай айтулы сәтте Астана қаласының жаңажылдық жүгірісіне қатысуға бел байладым. 5 шақырымды 45 минутта жүгірдім. Бұған дейін Almaty және Turkistan marathon-ында 10 шақырым қашықтықты 1 сағат 40 минутта бағындырған едім. Кейінгі жылдары басым солқылдап ауыратындықтан, 88 жасымда скандинавиялық жүріске бет бұрдым. Барлық жастарға көлікпен жүруді азайтып, күнделікті кемінде 5 шақырым жүруге кеңес беремін. Әйтпесе отыра беріп, денсаулықтарыңызды құртасыздар. Спортты көріп қана қоймай, өз іс-әрекеттеріңізбен айналаңызды өзгертуге тырысыңыздар. Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!» - деді 92 жастағы Салиха Зигангерова.

Іс-шара соңында қатысушыларға ыстық шай мен арнайы жаңажылдық сыйлық беріліп, олар лотерея арқылы теледидар, тоңазытқыш секілді тұрмыстық техникаларға ие болды.
