2025 жылы жүк тасымалының көлемі 7,9 пайызға өсті
Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында барлық көлік түрімен жөнелтілген жүк көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 7,9% өсті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Сол аралықта жалпы 1,1 млрд тонна жүк тасымалданды. Кәсіпорындардың жүк тасымалынан тапқан табысы 5,7 трлн теңгені құрады.
«Жүк тасымалының негізгі үлесін теміржол көлігі алады – жалпы көлемнің 40,1%. Есептік кезеңде теміржол көлігімен 466,7 млн тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% көп. Бұл тасымал түрінен түскен табыс 2,2 трлн теңгені құрады.
Автомобиль көлігімен 352,7 млн тонна жүк тасымалданды, табыс 1,4 трлн теңгені құрады. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда автокөлікпен таымалданған жүк көлемі 2,8%-ға өсті.
Құбыр арқылы тасымал көлемі 339,8 млн тонна болды. Осы сектордағы табыс 1,9 трлн теңгеге шықты. Тасымал көлемінің жылдық өсімі 15%», - делінген хабарламада.
Ұшақ арқылы 30,1 мың тонна жүк тасымалданды, ондағы жылдық өсім – 8,1%. Жүк тасымалынан кәсіпорындар 18,9 млрд теңге табыс тапқан.
Өткен жылдың 12 айындағы жүк айналымы 584,3 млрд тонна-километрді құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6% артты.
Аймақтық тұрғыдан 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жүк айналымының өсімі: Астана қаласында (21,7%), Жетісу (49,8%), Атырау (45,1%), Абай (36,5%), Түркістан (29,3%), Маңғыстау (29%), Ақтөбе (12,5%), Павлодар (10,8%), Қостанай (10,8%), Батыс Қазақстан (9,2%), Алматы (9%), Қарағанды (8,5%), Қызылорда (8,1%), Солтүстік Қазақстан (3,9%), Ұлытау (3,4%) және Ақмола облыстарында (1,7%) байқалды.
Бұған дейін 2026 жылы өңдеу өнеркәсібі ЖІӨ өсімінің драйверіне айналатынын жаздық.