2025 жылы жедел жәрдем Қазақстан бойынша қанша шақыртуға қызмет көрсеткені белгілі болды

2025 жылы жедел жәрдем Қазақстан бойынша қанша шақыртуға қызмет көрсеткені белгілі болды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Өткен жылдың 11 айында Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 7 467 926 шақыртуға қызмет көрсетті. Шақыртулардың жалпы санынан 1 375 401-ге емханалар жанындағы мобильдік бригадалар, қалғандарына жедел медициналық жәрдем қызметі жәрдем көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, ең көп шақырту Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астанада тіркелген.

Шақыртудың ең көп үлесі:
● тыныс алу ағзаларының аурулары – 1 778 189 (23,8%);
● жүрек-қан тамырлары аурулары – 1 434 483 (19,2%);
● басқа аурулар – 1 249 223 (16,7%);
● жарақаттар, уланулар және жазатайым оқиғалар - 735 183 (9,8%), соның ішінде ЖКО – 40 972;
● неврологиялық аурулар – 714 915 (9,6%).

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша сәтті реанимация көрсеткіші 8,2 пайызға өсіп, 60,3 пайыз болды. Ал шұғыл санат бойынша ЖМЖ бригадасына шақыртуды берудің орташа уақыты 1,7 минутты, жеделділіктің бірінші санаты бойынша жетудің орташа уақыты – 8,8 минутты құрады.

Есепті кезеңде жарақаттар бойынша 685 503 шақыртуға, оның ішінде ЖКО бойынша 40 972 шақыртуға қызмет көрсетілді. ЖКО салдарынан 52 097 адам зардап шекті, оның 64,3 пайызы стационарларға жеткізілді. Қаза тапқандардың үлесі зардап шеккендер санының 2,4 пайызын құрады. Жол-көлік оқиғасы кезінде жетудің орташа уақыты – 8 минут.

«Жіті миокард инфарктісі бойынша 27 378 шақыртуға қызмет көрсетілді. Тромболитикалық терапия көрсетілген жағдайлардың 89,9 пайызына жасалады.

Инсульт бойынша 52 207 шақыртуға қызмет көрсетілді. Нормативтік мерзімде инсульт орталықтарына емдеуге жатқызу қаладағы пациенттердің 97,9 пайызында және ауылдық жерлерде 88,5 пайызында қамтамасыз етілді.

Еліміз бойынша бір ауысымда 1 618 көшпелі бригада, оның ішінде 258 мамандандырылған дәрігерлік және 1 360 фельдшерлік бригада жұмыс істейді», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық үздік фельдшерлерді марапаттағанын жазған едік.