2025 жылы Қазақстанда рекордтық көлемдегі цемент өндірілді
Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы цемент өндірісінің көлемі 13,07 млн тоннаға жетіп, сала тарихында ең жоғары көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Рекордтық көрсеткішке цемент өнімдерін сертификаттаудың ұлттық жүйесін жетілдіру арқасында қол жеткізілді. Аталған жұмыс жаңартылған СТ РК 3361-2022 ұлттық стандарты аясында жүзеге асырылды.
Сауда және интеграция министрлігі цемент пен портландцемент клинкерін өндірудің ұлттық стандартты бекітті. Ол СТ РК 3361-2022 «Сәйкестікті бағалау. Цемент пен портландцемент клинкерінің сәйкестігін растау тәртібі» талаптарын ескере отырып әзірленді және ГОСТ Р 58100-2018 «Сәйкестікті бағалау. Цементтерді сертификаттау қағидалары. Цемент өндірудің технологиялық регламентіне қойылатын талаптар» мемлекеттік стандартымен үйлестірілді. Стандартты әзірлеуге «QazCem» Қазақстандық цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі өтінім берді.
Цемент өнеркәсібі - құрылыс саласының негізгі базалық секторларының бірі және елдің инфрақұрылымдық дамуына тікелей ықпал етеді. Өндірілетін цементтің сапасы мен тұрақтылығы технологиялық процестердің қатаң сақталуына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, стандартталған технологиялық регламентті енгізу өндірісті жүйелеуге, технологиялық процестердің басқарылуын күшейтуге және өнім сапасының тұрақты деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ұлттық стандартты енгізудің экономикалық тиімділігі портландцемент пен тауарлық клинкер өндіруге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл өндірістік процестердің тұрақтылығын арттырып, өнім сапасының біркелкілігін сақтауға және отандық цемент өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Бағалау жүйесін дамыту өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. 2019 жылы СТ РК 3361-2022 ұлттық стандарты енгізілгеннен кейін Қазақстанда жасырын импорт көлемі айтарлықтай қысқарып, цемент өндірісінің көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетті. Ал стандарттың жаңартылған нұсқасы саланың одан әрі дамуына серпін беріп, 2025 жылы өндіріс көлемінің тарихи максимумына қол жеткізуге мүмкіндік жасады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында цемент зауытын салу жобасы талқыланғанын жаздық.