Зиянды жұмыста істейтін азаматтарға әлеуметтік төлем беріледі
Мемлекет басшысының Жолдауын орындау үшін Үкімет заң жобасына еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты адамдарды әлеуметтік қорғауға бағытталған бірқатар түзету енгізуді ұсынған, деп хабарлады Elorda.info Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты адамдарды әлеуметтік қорғауға бағытталған заңды қабылдады. Бұл туралы Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Осыған сай депутаттар Әлеуметтік кодекске арнайы әлеуметтік төлем енгізу жөніндегі нормалар енгізді.
Бұл төлем қызметкер 55 жасқа толған болса, кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса және азамат зиянды жұмыстардағы қызметін тоқтатқан кезде жүзеге асады, – деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат атап өткендей, зиянды жұмыста істейтін азамат міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын 55 жаста ала ма, әлде 63 жаста ала ма өз бетінше анықтауға құқылы.
Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты азамат арнайы әлеуметтік төлем алып зиянды жұмыстан кетемін дей ме, әлде әрі қарай қызмет ете беремін дей ме өзі шешеді. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі, – деді Н.Сәрсенғалиев.
Бұған қоса, азаматты қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан қорғау үшін, міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды.
Адам денсаулығына зияны бар өндірісті жүзеге асыратын компания сақтандыру компаниясына белгілі бір мөлшерде төлем жасайды. Сақтандыру компаниясы сол қаржының 6 пайызын жұмыс берушіге қайтаруға тиіс. Ол қаражат қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға жұмсалады. Сақтандыру ұйымдары еңбек жағдайында зардап шеккен қызметкердің шипажайдағы емін төлеуге тиіс. Ол 100 АЕК-тен аспауы керек, – деді депутат.