Жаңа жыл күні жедел жәрдем қызметіне 27 мыңға жуық шақырту түскен
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Өткен жылдың желтоқсан айының соңғы тәулігінде еліміз бойынша жедел медициналық жәрдем пультіне тұрғындардан 27 мың шақырту келіп түсті. Оның ішінде 17 мыңнан астам шақырту жеделділіктің 1 - 3-санатына тиесілі, 4-санат бойынша жедел жәрдем бригадалары 10 мыңнан астам рет шақыртуға шықты. Бұл ретте ең көп шақыртулар Алматы облысында тіркелді – 3073, одан кейін Алматыда – 2800, Түркістанда – 2358 және Астанада жылдың соңғы күнінде жедел жәрдем қызметіне 1942 шақырту түскен», - деп жазылған хабарламада.
Биыл соңғы 11 айда Қазақстандағы жедел медициналық жәрдем (ЖМЖ) бригадалары 7, 7 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсетті, оның ішінде 1-3-санат - 4,9 млн.шақыртуға және 4-санаттағы 2,8 млн. шақыртуға емханалардың жанындағы бригадалар қызмет көрсетті.
Қазіргі уақытта ел бойынша жедел медициналық жәрдем қызметін 20 дербес станция, 98 қалалық кіші станция және 232 аудандық бөлімше ұсынады.
Облыстық және қалалық жедел жәрдем станцияларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада жұмыс істейді, МСАК ұйымдарының (емхана) жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 446 бригада жұмыс істейді.