Жетісу облысында жалпы құны 1 млрд 200 млн теңге болатын ақбөкен мүйізі тәркіленді
Жетісу облысында ақбөкен мүйізін заңсыз сақтап, мемлекетке 1 млрд 284 816 000 теңге шығын келтірген күдікті ұсталды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісу облысы бойынша ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, Шекара қызметі мен ҰҚК департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ олардың бөліктері мен дериваттарымен заңсыз айналысқан күдіктіні ұстады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Панфилов ауданының аумағында 39 жастағы ер адам ұсталды. Тінту кезінде үйдің шатырынан 7 картон қорап табылды. Қораптардың ішінде 464 дана ақбөкен мүйізі болған», – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Табылған мүйіздерге олардың шығу тегі мен түпнұсқалығын анықтауға мүмкіндік беретін сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Келтірілген шығын 1 млрд 284 816 000 теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.