Желіде ауыл шаруашылығы министрі атынан жалған хабарлама тарап жатыр
Мессенджерлерде белгісіз адамдар ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атынан жалған хабарламалар таратып жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында ескертті, деп хабарлады Elorda.info.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мессенджерлердегі жалған аккаунттардан белгісіз адамдар ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атынан қоңырау шалып, хабарлама жіберіп жатқанын жеткіземіз. Алаяқтар адамдарды әңгімеге тартуға тырысып, қолма-қол ақша алуды меңзейді. Бірінші кезекте алаяқтардың әрекеттері ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларына бағытталған», - делінген министрліктің хабарламасына.
АШМ баспасөз қызметі азаматтарға хабарламаларға жауап бермеу, әңгімелеспеу, сілтемелерге өтпеу және ешқандай деректерді беруге болмайтынын ескертті.