Қырғызстаннан құны 1 млрд теңгеге жуық заңсыз айналымдағы темекі тасымалданған
Батыс Қазақстан облысында заңсыз айналымда болған 1,6 млн қораптан астам темекі тәркіленді, деп хабарлады Elorda.info.
Қаржылық мониторинг агенттігнің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, облыстың төрт тұрғыны заңсыз темекі мен алкоголь өнімдерін сатпақ болған. Бұл деректі ҚМА облыстық департаменті қызметкерлері тергеді.
Бір топ тұлғалардан жалпы сомасы 967,5 млн теңгеден асатын 1,6 млн қораптан астам темекі өнімдерінің ірі партиясы, сондай-ақ жасанды есепке алу-бақылау таңбалары бар алкоголь өнімдері тәркіленді.Заңсыз темекі бұйымдарын тасымалдау Қырғыз Республикасынан жүзеге асырылып, Орал қаласында сақталып, сатылған. Сот үш айыпталушыны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті, тағы бір айыпталушы 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сот үкіміне сәйкес, тәркіленген барлық темекі мен алкоголь өнімдері жойылуға жатады, - деп жазылған хабарламада.