ТОР-5: Еліміздегі жерасты су орындары
Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі жерасты су орындары қатарына жататын бес су кен орнын атады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алматы жерасты су кен орны
Алматы қаласын шаруашылық-ауыз сумен және өнеркәсіптік кәсіпорындарды техникалық сумен жабдықтау үшін барланған. Минералдануы 0,5-0,6 г/л дейін, судың сапасы жақсы және «ауыз су» талаптарына сай келеді. Жерасты су қорының «А» санаты бойынша болжамды мөлшері тәулігіне 457 мың текше метр. Бүгінде су орнынан тәулігіне 200 мың текше метр су алынады.
Көкжиде жерасты су кен орны
Ақтөбе облысындағы Ембі қаласынан 95 шақырым жерде орналасқан. Жерасты суы шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылады. Бүгінгі таңда тәулігіне 7,84 мың текше метр су алынады. Есептік пайдалану мерзімі - 27 жыл. Жерасты су қорының «А+В+С1» санаттары бойынша болжамды мөлшері тәулігіне 196,5 мың текше метр.
Талғар жерасты су кен орны
Алматыдан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Алматы қаласын шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету үшін барланған. Жерасты суларының қоры А+В+С1 санаттары бойынша тәулігіне 989,28 мың текше метр мөлшерінде бекітілген.
Меркен жерасты су кен орны
Меркі және Новоскресенское ауылдарының аралығында Қырғыз жотасының солтүстік беткейінде орналасқан. Аудан орталығы Меркі қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету және жерді суландыру мақсатында барланған. Жерасты суларының қоры А+В+С1 санаттары бойынша тәулігіне 770 мың текше метр көлемінде бекітілген.
Кеңқияқ жерасты су кен орны
Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ кентінен 11 шақырым жерде орналасқан. Жерасты суы ауыз сумен жабдықтау және өнеркәсіптік кәсіпорындарды техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылады. Бүгінгі таңда тәулігіне 1,442 мың текше метр су алынады. Су қорының болжамды мөлшері «А+В» санаттары бойынша тәулігіне 5,0 мың текше метр.