00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тәуелсіздіктен бергі қазақ спортындағы тарихи жетістіктер

25 қазан, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Тәуелсіздіктен бергі қазақ спортындағы тарихи жетістіктер

Туризм және спорт министрлігі тәуелсіздіктен бергі қазақ спортындағы тарихи жеңістерді атады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан әлемдік спорт аренасында айтулы жетістіктерге, тарихи жеңістерге қол жеткізді. Толағай табыстарымыз ел тарихындағы маңызды кезеңге айналды.

Егемендіктен кейінгі ел спортшыларының алғашқы ірі жеңісі 1994 жылы Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келіп, Владимир Смирнов шаңғы спортынан тұңғыш Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді.

Сондай-ақ ол спорттық карьерасында ел қоржынына Олимпиаданың жеті жүлдесін (1 алтын, 4 күміс, 2 қола) және әлем чемпионаттарының 11 медалін (4 алтын, 4 күміс, 3 қола) салды.

2000 жылы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов 20 жасында еліміздің ең жас Олимпиада чемпионы атанды. Ол қазақ спортшылары арасында төрт жылдықтың басты бәсекесінде алтын алған алғашқы спортшы.

Юрий Мельниченко – жазғы Олимпиада тарихында Қазақстанның алғашқы чемпионы. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында ол грек-рим күресінен бақ сынап, қарсылас шақ келтірмеді.

Қазақстан өз тарихында 2011 жылы қысқы Азия ойындарын, 2017 жылы қысқы Универсиаданы және 2024 жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын алғаш рет қабылдап, осы ойындарда спортшыларымыз рекордтық алтын жүлде еншіледі.

Владимир Смирнов, Ольга Рыпакова, Елдос Сметов – Олимпиаданың барлық жүлде жиынтығын, яғни алтын, күміс, қола медалін жеңіп алған ерекше спортшылар.

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Қазақстанның әлемдік спорт аренасында көшбасшы бола алатынын дәлелдеді.

1996 жылы Атлантадағы Олимпиадада Александр Парыгин қазіргі бессайыс бойынша, ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Александр Винокуров велоспорт бойынша Олимпиада чемпионы атағын алған жалғыз спортшы.

Мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен қысқа бағдарламада 9-орында тұрса да, шешуші жаттығуда ерлік жасап, тарихи қола жүлдені еншіледі. Сондай-ақ әлем чемпионатында 2 мәрте жүлде тұғырынан көрініп, елімізді әлемге әйгіледі.

2019 жылғы әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева төрт рет секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы атанды. Сөйтіп, Қазақстан қоржынына тарихи күміс жүлдені салды.

Футбол аренасында Қарағандының «Шахтер» клубы 2013 жылы Қазақстан командалары арасында бірінші болып Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Ал «Астана» командасы 2015 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынады.

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2021 жылы алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жетіп, елдегі осы спорт түрінің беделін арттырды.

Елена Рыбакинаның Wimbledon турниріндегі жарқын жеңісі әлем назарын аудартты. Бүгінгі таңда ол әлемдегі ең үздік ТОП-10 теннисшінің қатарына кіреді.

Ризабек Айтмұхан (92 кг) 2023 жылы еркін күрестен Белградта өткен әлем чемпионатында топ жарып, ел тарихындағы ең жас (19 жас) палуан атанды.

2024 жылы шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапеште өткен 45-ші шахмат олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Әйелдер құрамасында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынға түсті.